«Каспий» тауар биржасы мен Беларусь әмбебап тауар биржасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
«Каспий» тауар биржасы мен Беларусь әмбебап тауар биржасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат өзара сауданы дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды іске асыруға негіз қалайды.
Меморандумға қол қою рәсімі 2025 жылғы 5 наурызда Астана қаласында екі биржаның өкілдері мен ресми тұлғалардың қатысуымен өтті.
Меморандумға қол қою аймақтың жетекші екі биржасы арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған маңызды оқиға болды.
Құжат бірлескен жобаларды іске асыруды, сауда тетіктерін жаңғыртуды және операциялық тиімділікті арттыруға, сондай-ақ тауар нарығы қатысушыларының интеграциясын күшейтуге мүмкіндік беретін инновациялық шешімдерді енгізуді көздейді.
«Қол қойылған Меморандум біз үшін ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктерін ашады. Бұл жай ғана формалды қадам емес — бұл биржаларымыз үшін озық тәжірибелермен алмасуға, сауданы дамытуға және елдеріміздің экономикасының өсуіне ықпал етуге арналған нақты мүмкіндік. Бірлескен күш-жігеріміз неғұрлым ашық әрі серпінді сауда ортасын құруға әкелетініне сенімдіміз», — деді «Каспий» тауар биржасы» АҚ Президенті Мурат Кадисов.
«Беларусь әмбебап тауар биржасы» ААҚ Басқарма төрағасы Александр Осмоловский де бірлескен бастамалардың болашағына сенім білдірді: «Бұл Меморандум — халықаралық биржалық нарықты дамытуға бағытталған ортақ стратегиямыздың нәтижесі. Ол ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалайды және саудаға қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасап, олардың жаһандық нарыққа тиімді шығуына мүмкіндік береді».
Тараптар қол қойылған құжат Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы сауда қатынастарына оң әсер ететін жаңа тиімді сауда тетіктерін қалыптастыруға негіз болатынын да атап өтті.
«Каспий» тауар биржасы» АҚ — мұнай өнімдері, көмір және цементті қоса алғанда, тауарлардың кең ауқымымен сауда жасауға маманданған Қазақстандағы жетекші биржалық алаң. «Каспий» тауар биржасы Еуропалық энергетикалық биржалар қауымдастығының (EUROPEX) қауымдастырылған мүшесі болып табылады. S&P Global халықаралық рейтингтік агенттігінен ESG бағасына ие. ТМД аумағында БҰҰ-ның Жаһандық шартына толыққанды қатысушы атанған алғашқы биржалық алаң болып саналады.
«Беларусь әмбебап тауар биржасы» ААҚ — ашық әрі бәсекеге қабілетті сауда ортасын қамтамасыз ету мақсатында құрылған Шығыс Еуропадағы ең ірі тауар биржаларының бірі. Биржа экспорттық-импорттық операцияларды белсенді түрде дамытып, халықаралық қатысушылардың Беларусь нарығына қолжетімділігін жеңілдетеді. Ол Шығыс Еуропадағы ең ірі спот-биржа болып табылады. БУТБ-де жыл сайын жалпы сомасы 4 млрд АҚШ долларынан асатын 500 мыңнан астам мәміле жасалады, ал клиенттік базасы 35 500-ден астам қатысушыны қамтиды.